Мемлекеттік хатшы: Тарихты сақтап қалу - ұлтты сақтап қалудың жалғыз жолы
АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Тарихты сақтап қалу - ұлтты сақтап қалудың жалғыз жолы. Бүгін Елордадағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген алқа отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин осылай мәлім етті.
Сөз арасында Мемлекеттік хатшы Елбасы тапсырмасы бойынша «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасы жасалатынын атап өтті. М. Тәжиннің айтуынша, бұл бағдарламаның негізгі мақсаты - Қазақстанның тарих ғылымын алдыңғы қатарлы әдіснама және әдістеме арқылы сапалы секірісті жүзеге асыруына жағдай жасау, қазақтың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттық жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру.
«Тарихқа арқа сүйемегеннің болашағы бұлыңғыр. Жер шарында мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі кезде тарихи жадыны сақтап қалу - жалпы өзіңді-өзің сақтап қалудың жалғыз жолы», - деді Марат Тәжин.