Мемлекеттік хатшы жастар арасындағы қылмыстың алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға жастар арасындағы қылмыстың өршуіне қарсы шаралар кешенін қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Жастар арасындағы қылмыстың өршуіне қарсы профилактикалық шаралар кешенін қабылдауды тапсырамын. Девиантты мінез-құлыққа бейім құқықбұзушыларды  қоғамдық қызметке тарту бойынша жұмыстарды ұйымдастыру қажет. Әсіресе, маскүнемдік пен нашақорлыққа салынған отбасылардың балаларына ерекше назар аудару керек», - деді Г.Әбіқалықова.

Мемлекеттік хатшы күрделі өмірлік жағдайларға тап болған, соның ішінде бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан жастар үшін әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

«Психологиялық күйзеліс жағдайындағы және тәуекел топтарындағы жастарды ертерек анықтау бойынша шаралар кешенін қабылдау қажет. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ауыл - ел бесiгi» арнайы жобасын жүзеге асыруға жастарды тарту бойынша ақпараттық жұмыстар жүргізілсін», - деп атап өтті Г.Әбдіқалықова.

Бұл тапсырмалар Ішкі істер, денсаулық сақтау, білім және ғылым, қоғамдық даму, ақпарат және коммуникациялар министрліктеріне және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарының әкімдіктеріне жүктелді.

Еске салайық, бүгін Астанада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. 

Соңғы жаңалықтар