Мемлекеттік кірістер комитеті орталықтандырылған есеп жүйесін енгізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кірістер департаменті дербес шоттар үшін орталықтандырылған есеп жүйесін енгізіп жатыр. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Жамбыл Сұрағанов «Мемлекет пен бизнестің серіктестігі» тақырыбында өткен форумда мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Мемлекеттік кірістер комитеті үш қызметті біріктірді. Олар Комитеттің қарауына шамамен 17 ақпараттық жүйені алып келді. Ақпараттық жүйелердің бәрі бұрын бір-бірімен байланыста болмаған. Бүгінгі таңда жаңа ақпараттық жүйе - дербес шоттардың орталықтандырылған есебі қолданысқа енгізілді. Демек, салық төлеушілердің, ішкі экономикалық салаға қатысушылардың, тұтынушылардың бірлескен қалыбы құрастырылды. Мәселен, бұрын кеденде олар жеке тіркеліп, жеке құжаттар тапсырылатын. Оған дейін салық органдарында тіркелуге міндеттелетін. Бұдан былай, жұмыстың бағыты өзгерді. Бәрі де бір орында бір дербес шот бойынша атқарылады», - дейді Жамбыл Сұрағанов.
Оның айтуынша, бұл өзгеріс бизнес үшін өте ыңғайлы болатын көрінеді.
«Бұл бағдарлама бизнес үшін өте ыңғайлы процеске айналып, төлемдердің бірден түсуіне мүмкіндік береді. Біз электрондық үкіметтің порталына қосылдық. Төлем банктің алыс немесе жақын орналасқанына қарай 15 секундтың, көп дегенде 15 минуттың ішінде түседі. Бұл тұңғыш ақпараттық жүйе», - дейді Жамбыл Сұрағанов.