Мемлекеттік кірістер органдары биылғы 10 айда 14 миллионға жуық қызмет көрсетті - Н.Рахымғалиев

«Мемлекеттік кірістер органдары 2015 жылдың 10 айы ішінде 13 816 130 мемлекеттік қызметті көрсетті, оның ішінде электрондық түрдегі қызметтер - 11 141 238-ді, қағаз түріндегілер - 2 674 892-ні құрады», - деді ол.
Оның айтуынша, 2015 жылғы қаңтардан бастап «Орталықтандырылған біріздендірілген жеке шоттар» ақпараттық жүйесі енгізілген. Аталған жүйені енгізу жеке шоттардың жүргізуін есепке алу бойынша бизнес-үрдісті оңайлатуға мүмкіндік беріп отыр. Мұнан бөлек, аталған жүйені енгізу аясында ағымдағы жылғы шілдеде салықтық және кедендік төлемдер бойынша бюджеттік сыныптама кодтарына қысқартулар жүргізілді.
208 бюджеттік сыныптама кодтарының 119-ы немесе 57 пайыздан астамы қысқартылды. Оны қысқарту барлық мемлекеттік органдардың жұмысын елеулі оңтайландыруға, ақпараттық жүйелердегі жүктемені төмендетуге мүмкіндік берді. 2015 жылғы шілде-қазан кезеңі ішіндегі нәтижеде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төлемдердің саны 10,0 млн.-нан 8,0 млн.-ға дейін немесе 20 пайызға қысқартылды», - деді ол.