Мемлекеттік комиссия Байқоңыр ғарыш айлағында ХҒС-қа қазақстандық ғарышкер бар экспедицияның экипажын бекітті

«Негізгі экипаждың құрамына ресейлік Сергей Волков, еуропалық астронавт Андреас Могенсен және қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов бекітілді», - деді Федералдық ғарыш агенттігінің өкілі.
Олардың дублерлері ресейлік ғарышкерлер Олег Скрипочка мен Сергей Прокопьев, сондай-ақ Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты Тома Песке (Франция) болды.
"Союз ТМА-18М" басқарылатын кемесі бар "Союз-ФГ" зымыран тасығышын 2 қыркүйек күні жергілікті уақыт бойынша сағат 07:37-де ұшыру жоспарланған. Ұшырудан кейін екі тәулік өткен соң - 4 қыркүйекте сағат 10:42-де кеме ХҒС-қа қонады. Бастапқыда кеменің стансаға ұшырудан кейін алты сағаттан соң түйісетіні жоспарланған еді, алайда қауіпсіздік ескеріліп, басқарылатын «Союздің» ұшуының екі тәуліктік кестесіне өту шешімі қабылданған.
Ғарышқа аттанғалы тұрған ғарышкерлерге «Ресейғарыш» корпорациясының басшысы Игорь Комаров, Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаев, Еуропалық ғарыш агенттігінің жетекшісі Йохан-Дитрих Вернер өз құттықтаулары мен тілектерін білдіріп, сәт сапар айтты.
Волков үшін бұл мансабындағы үшінші ұшу болмақ. Могенсен мен Айымбетов орбитаға бірінші рет аттанады, деп хабарлайды ТАСС.
«Мен Ресейғарышқа біздің қазақстандық ғарышкерді ұшуға сапалы және қысқа мерзімде даярлағаны үшін алғыс айтамын», - деді мемлекеттік комиссия отырысында Талғат Мұсабаев.
Ұшуды қамтамасыз ететін ресейлік кәсіпорындардың басшылары Айдын Айымбетовтің жақсы физикалық және техникалық даярлығын атап өтті.
Өз сөзінде ҚР ғарышкері Айдын Айымбетов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, Қазғарыш басшылығына осынау күрделі экономикалық дағдарыс кезінде ғарышқа ұшуға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді. «Мен өз міндетімді абыроймен орындаймын», - деді Айдын.