Мемлекеттік қордан баспана алу үшін отбасындағы бір адамға тиесілі кіріс 57 846 теңгеден аспауы тиіс - С. Нокин
АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алғысы келетін адамның кірісі отбасындағы жан басына шаққанда 3,1 ең төменгі күнкөріс деңгейі көрсеткішінен төмен болуы керек.
Бұл туралы бүгін Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Өңірлік даму министрінің орынбасары Серік Нокин айтты.
Вице-министр 2012 жылдың желтоқсанында өткен «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жай-күйі мен перспективалары» парламенттік тыңдауының ұсыныстарын орындау барысымен, соның ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте тұрған азаматтардың Бірыңғай классификаторы туралы түсініктеме берді.
«Аталған классификатордың негізін «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда белгіленген нормалар құрайды. Осы нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана берілетін азаматтардың санаттары белгіленді. Әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды кезекке тұрғызу кезінде олардың табыстары нақтыланады. Олардың бір айлық табысы отбасындағы әрбір адам басына шаққанда 3,1 ең төменгі күн көріс көлемінен, яғни 57 846 теңгеден аспауы тиіс», - деді С. Нокин.
Оның айтуынша, аталған классификатор әкімдіктермен келісілген және әр тоқсан сайын жаңартылып отырады.