Мемлекеттік қорға астық сатып алуға 7 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАгро» ұлттық қоры мемлекеттік қорға астық сатып алуға 7078 млн. теңге қаржы бөлді. Бұл туралы бүгін егін теріміне айналған брифингте мәлім болды.
«2014 жылдың өнімінен екінші деңгейлі банктердің кепілдігімен мемлекеттік қорға астық сатып алуға 7078 млн. теңге бөлінді. Оның 3539,25 млн. теңгесі көктемгі-күзгі қаржыландыру есебінен және 3529,25 теңгесі - күзгі кезеңге арналған. Айта кетерлігі, көктемгі-күзгі қаржыландыруда пайдаланылмаған ақша қаражаты күзгі кезеңде астық сатып алуға бірден бағытталады», - деді «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов.
Оның атап өтуінше, бұл қаржы көктемгі-күзгі қаржыландыруға және күзгі жиын-терімге тең бөлінген. «Бүгінгі таңда біз 102 млн. теңгеге 5100 мың тонна астық сатып алдық. Ал қалған қаржы егін терімі барысында игерілетін болады», - деді ол.
«Бұған қоса «Азық-түлік корпорациясы» жүзеге асыратын бюджеттік несие қаражатынан бидайды және арпаны форвардтық сатып алу аясында барлығы 1,7 мың заемшыны 2,2 млн. гектар жер алқабына 13 млрд. теңге сомасына қаржыландырды», - деп қосты Қ.Айтуғанов.