Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты жүзеге асыруда ең алдымен отандық өндірушілерге қолдау білдіріледі

АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты жүзеге асыруда ең алдымен отандық өндірушілерге қолдау білдіріледі. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды.

Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты жүзеге асыруда ең алдымен отандық өндірушілерге қолдау білдіріледі
Басқосуда депутаттар «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылаған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты жүзеге асырудың жаңа нобайы бойынша әскери техникамен жабдықтауға құқығы бар еліміздің 39 кәсіпорыны бұл үдерістен шеттетіледі. Есесіне, Үкімет тарапынан бір ғана уәкілетті ұйым құрылады. Осы ұйым мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың импортымен айналысатын болады. Дегенмен де, заң жобасындағы басты жаңалық, бұнда отандық өндірушілерді қолдау жан-жақты жүргізіледі. Мәселен, отандық өндірушілер мен уәкілетті ұйымдардың арасынан қорғаныстық тапсырысты орындаушы болмаған жағдайда ғана шетелдік заңды тұлғалардың арасынан тапсырысты орындаушы тартылады», деді жоба бойынша баяндаған Индустрия және сауда вице-министрі Алмас Қосынов.