Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қоғамдық кеңесі кезекті отырысын қорытындылады

Дереккөзіне сүйенсек, қоғамдық кеңестің бүгінгі отырысында екі басты мәселе, атап айтсақ, 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының аясындағы шаралар мен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шаралары және жемқорлыққа қарсы заңнамаларды одан әрі жетілдіру мәселесі талқыланған.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жергілікті және аумақтық мемлекеттік органдардағы 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы мен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылды жүзеге асыруға арналған жоспарларын алдын ала зерделеу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп отырады», - делінген баспасөз қызметінің ақпаратында.
Жиналысқа қатысқан Агенттік төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев квазимемлекеттік сектор арасында сыбайлас жемқорлық көріністерін жою үшін агенттік тарапынан ұлттық компанияларға өздеріне тиісті арнайы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоспарларды әзірлеуге және оны бекітуге, сондай-ақ корпоративтік басқару, кадрлық саясатқа меритократия қағидаттарын енгізуге және жемқорлыққа қарсы тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізіп тұруға бірқатар ұсынымдар берілгендігін атап өтті.
Айта кетейік, агенттік төрағасы Қ.Қожамжаровтың бұйрығымен сыртқы мониторинг жұмыстарымен айналысатын топ құрамы бекітіліп, оның басшысы болып «Қазақстанның Азаматтық альянсының» президенті Нұрлан Ерімбетов тағайындалған болатын.
«Осы мониторинг жұмыстарының қорытындысы мемлекеттік органдардың есептерін негізге ала отырып, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның орындалу барысы бойынша Мемлекет басшысының Ұлттық баяндамасына жинақталады. Мемлекет басшысына аталған есептерді қарау үшін ұсынылған соң, бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланатын болады», - деді төраға орынбасары А.Шпекбаев.
Жиналысты қорытындылай келе, Қоғамдық кеңестің төрағасы Қайырбек Сүлейменов 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны кезең-кезеңімен жүзеге асыруға арналған іс-шаралар жоспары - алдыңғы 2011-2015 жылдардағы жемқорлыққа қарсы салалық бағдарламада орындалған жұмыстардың кемшіліктеріне жасалынған терең талдау нәтижесі ескерілгендігін айтты.