Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізілетін болады - Е. Досаев
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізілетін болады.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Мемлекеттік қызмет көрсету туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев осылай мәлім етті.
Министрдің айтуынша, заң жобасында мемлекеттік қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын заңнамалық регламенттеу, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг, бағалау мен бақылау жүргізу қарастырылған. «Қоғамдық мониторингті біріншіден, акредиттелген коммерциялық емес ұйымдар, екіншіден жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар өз бастамалары бойынша және өз есебімен жүргізе алады. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалауды және сыртқы бақылау мен бағалауды осы бағыттағы уәкілетті орган жүргізеді. Ал ішкі бақылауды қызмет көрсетуші мемлекеттік органдардың өздері жүргізетін болады», - дейді министр Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, заң жобасымен мемлекеттік қызметтер көрсету туралы заңнаманы бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілік енгізіледі.