Мемлекеттік қызметке үміткерлерді тестілеуге жіберу шарттары жеңілдетілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап мемлекеттік қызметке үміткерлерді тестілеуге жіберудің шарттары айтарлықтай жеңілдетілді.

Мемлекеттік қызметке үміткерлерді тестілеуге жіберу шарттары жеңілдетілді

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, барлық ниет білдірушілер тестілеуге үйден шықпай жазыла алады. Интернет арқылы олар «элекетрондық үкіметтің» (egov.kz) веб-порталына кіріп, «Жұмысқа орналастыру» бөлімінде «Тестілеуге жазылу» қызметін таңдай алады. Егер қол астында интернет болмаса, жақын орналасқан ХҚКО немесе Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменттеріне жүгіну арқылы тестілеуге тіркелуге болады. Ол үшін өзімен тек жеке куәліктің болуы жеткілікті. Тіркеу барысында әр үміткер тестілеудің орны, күні мен уақытын тәуелсіз таңдай алады.

Жаңа заңнамаға сәйкес, азаматтар бос лауазымға орналасуға конкурс туралы хабарламаны күтпестен, өзіне ыңғайлы уақытта тестілеуден өтеді. Бұл тестілеуге қатысушылардың санын екі еседен астамға өсіруге мүмкіндік берді. Аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдар үшін жеңілдетілген жеке бағдарлама енгізілді.

Бұл бағдарлама тұрғысында кандидаттар бұрын болған сегіз заңның орнына алты заң бойынша тестілеуден өтеді. Осы ретте, әр заң аясында берілетін жауаптың уақыты көбейтілді. Жоғары тұрған бағдарлама бойынша тестілеудің оң қорытындылары төмен тұрған бағдармалар үшін де жарайды. Бірінші бағдарлама бойынша берілген сертификат екінші және үшінші бағдарламалар бойынша сертификат талап етілетін конкурстарға жарайды. Екінші бағдарлама бойынша берілген сертификат үшінші бағдарламаны қамтиды.

Сонымен қатар, тестілеуге қатысушылардың жауапкершіліктері күшейтілді. Егер азамат тестілеуден өтпесе, өте алмаған тестілеу бағдарламасына қарамастан, келесі тестілеуге үш айдан кем емес мерзімнен кейін қатыса алады. Персоналды басқару қызметтерімен тестілеу нәтижелерінің растығын тексеру мүмкіндігі кеңейтілді.

«Ағымдағы жылдың 1 наурызына дейін берілген сертификаттар оларда көрсетілген мерзім ішінде жарамды екендігін атап өткен жөн. 1 наурызға дейін тестілеуден өте алмаған азаматтар үш айлық мерзімді күтпестен келесі тестілеуден өте алады», - делінген агенттік мәліметінде.