Мемлекеттiк қызметкерлердi «А» корпусына iрiктеудiң екiншi кезеңi 2013 жылдың соңында жарияланады

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Мемлекеттiк қызметкерлердi "А" корпусына iрiктеудiң екiншi кезеңi 2013 жылдың соңында жарияланады. Бұл туралы бүгiн ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Президентi Әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдiрахымов мәлiм еттi.

Мемлекеттiк қызметкерлердi «А» корпусына iрiктеудiң екiншi кезеңi 2013 жылдың соңында жарияланады

"Мемлекет басшысы тиiстi тапсырмаларды бердi, бұл Жарлықтар дайындалып жатыр, олар жақын арада бекiтiледi. Қарашаның соңына дейiн қол қойылуы тиiс. Соның негiзiнде басшылық "А" корпусына қабылдау жөнiнде байқау жариялайды. Менiңше, бұл жыл соңына дейiн жасалады және келесi жылдың басында үмiткерлер алғашқы кезеңнен өте бастайды", - дедi ол.

Оның сөзiне қарағанда, екiншi iрiктеу қабылдау байқауының өткiзiлу ережелерiне және мемлекеттiк қызметтi аяқтау процедураларына тиiстi өзгертулер енгiзiлгеннен кейiн өтетiн болады.