Мемлекеттік қызметкерлердің айлық жалақылары еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз - А.Шоманов
Аталмыш жүйе нақты нәтижеге негізделіп отырған жоқ. Нәтижесінде олардың лауазымы қызмет жетістігіне сай өспейді және кадрларға төленетін қаржы көлемі де тиісінше ұлғайтылып отырған жоқ. Бұл туралы бүгін Астанада «Мемлекеттік қызмет пен жаңа басқару шешімдерін құқықтық қамтамасыз ету» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Асқар Шоманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның пікірінше, қазір мемлекеттік қызметкерлердің айлық жалақылары нақты еңбек нарығымен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз. Өз кезегінде ол мемлекеттік қызметке біліктілігі жоғары мамандарды тартуға кедергі болып, көп жағдайда керісінше білікті мамандардың өзге салаларға жұмысқа ауысуына негіз болып отыр. «Жалпы мемлекетік қызметтегі адам ресурстарын тиімді басқаруда қызмет этикасы мен жемқорлықпен күрес мәселелері маңызды орынға ие.
Бұл бағытта әрине тәртіптік кеңестер мен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік өкілдері біршама жұмыстар атқаруда. Соған қарамастан жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарда заң бұзу әрекеттері әлі де болса орын алып отыр. Кей жағдайда мемлекеттік орган жетекшілерінің тәртіптік кеңестердің кінәлілерді жауапқа тарту жөніндегі нұсқауларын орындамайтын кездері де болады», деді агенттік төрағасының орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік қызметтегі азаматтарды басқару инфрақұрылымында да проблемалар бар. «Мемлекеттік қызметтегі азаматтардың кәсіби деңгейінің төмендігі мемлекеттік қызметтегі кадр мәселесінің тұрақсыздығына байланысты болып отыр. Сондай-ақ жауапты хатшы институты да кадр мәселесін тұрақтандыруға қатысты міндетін толық атқара алмай отыр», деді А.Шоманов.