Мемлекеттік қызметкерлердің ойлау парадигмасын түбегейлі өзгерту керек – Талғат Қалиев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық проблемасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік қызметкерлердің ойлау парадигмасын түбегейлі өзгерту керек – Талғат Қалиев

«Сыбайлас жемқорлықтың түбі терең де жатыр, Кеңес өкіметі дәуірінен қалған мұра секілді. Жемқорлық тек пара беру немесе алу ғана емес, ол дегеніміз протекционизм. Менің бұл жерде, мәселені шешу үшін кешенді керек. Және мемлекеттік қызметкерлердің ойлау парадигмасын түбегейлі өзгерту қажет. Елдегі жаппай тәртіпсіздіктерден кейін халық мемлекеттік қызметкерлердің іс-әрекеті мен этикалық қабілетіне ерекше талап қойып жатыр. Қоғамның қаншалықты талапшылдығын көріп отырмыз. Жаңа Қазақстанды дамытуда азаматтық белсенділік және сыбайлас жемқорлықпен қоғам болып күресу арқылы мәселені шешеміз деп ойлаймын», - деді Талғат Қалиев.

Институт басшысының айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен күресте мемлекеттік жүйені өзгертсе қоғамның да қатынасы өзгереді.

«Жемқорлықпен күрес жол секілді, екі жолақтан тұрады. Мемлекет басшысының саяси күші мен тапсырмасынан бөлек, қоғамға да жауапкершілік жүктеледі. Сыбайлас жемқорлықпен күресте қоғам да табандылық таныту керек», - дейді ол.

Бұған дейін белгілі қоғам қайраткері Айгүл Соловьева елдегі сыбайлас жемқорлық проблемасына қатысты ойын ортаға салған еді .

Еске сала кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңес өткізді.