Мемлекеттік қызметкерлердің тарапынан болатын дөрекілікті тыю үшін «Қызмет этикасы туралы» заң қабылдау қажет - Ә. Бәйменов
АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Мемлекеттік қызметкерлердің тарапынан болатын дөрекілікті тыю үшін «Қызмет этикасы туралы» заң қабылдау қажет.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен дөңгелек үстел отырысы барысында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Бәйменов мәлім етті.
Бүгінгі уақытта мемлекеттік қызметкерлер өз тараптарынан дөрекілікке жол беретіндіктерін атап өткен Агенттік төрағасы: «Сондықтан біздің нақты ұсынысымыз «Қызмет этикасы туралы» заңды қабылдау қажет. Ол туралы қазір ұсыныс енгізілді. Біз Үкіметтің болашақтағы заң шығару жоспарына «Қызмет этикасы туралы» заңды ұсындық. Қазір ол талқылану үстінде», - деді.
Оның айтуынша, кадр саясаты биыл бірқатар ауқымды өзгерістерге ұшырамақ. Қазіргі уақытта Елбасының Жолдауын орындау бойынша жоспар қабылданып үлгерген. Сонымен қатар, жылдың екінші тоқсанында кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия құрылатын болады.
«Біз қазіргі таңда дамушы елдердің тәжірибесін зерттеудеміз. Дамыған елдердің көпшiлiгiнде «Senior Experten Service» деген бар, яғни тұрақты, кәсiби негiзде жұмыс істейтін, осылайша мемлекеттiк органдардың жұмысында тұрақтылық пен буын байланысын қамтамасыз ететін жоғары лауазымды тұлғалар болады. Оларға арнайы үлкен бiлiктiлiк талаптары қойылады», - деп атап өтті Агенттік басшысы.
«Біз алғашқы жолдарды, тетiктерді енгіздік. Енді бiз «Мемлекеттiк қызмет туралы» Заңға өзгерiстер енгiзумен бiрге басқарушылық қызметтi қалыптастырудың жаңа тетіктерін қоғам назарына ұсынамыз деген үміттемін», - деді Ә. Бәйменов.