Мемлекеттік қызметші қылмыстық жауапкершіліктен қорқып, 10 млн. теңгеге жуық алиментті алдын ала төлеп тастаған
Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың басынан жаңа мазмұндағы ҚР Қылмыстық Кодексі күшіне енген болатын, онда алиментті төлемегені үшін жауапкершілікті күшейтетін нормалар қамтылған. Мәселен, Қылмыстық Кодекстің 139-бабында үш ай бойы алимент төлемегендерді сот орындаушылары қылмыстық жауапкершілікке тартып, олардың екі жылға дейін бостандығы шектелуі немесе осындай мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Статистикаға сүйенсек, материалдардың қылмыстық іс қозғау үшін жолданғаны туралы хабарлама алғаннан кейін тіпті қасақана ерегесіп төлемей жүрген борышкерлердің өзі қарыздарынан тезірек құтылуға тырысады. Мәселен, Астанада бір мемелкеттік қызметші қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы хабарлама алғаннан кейін, бірден 2003 жылдан бері жинақталып қалған қарызын төлеп, тіпті алдағы күндері үшін алдын ала 9 млн 483 мың 420 теңге аударған. Дәл осылайша алдын ала төлемдерді бір азамат 1 млн 600 мың теңгеге, енді бірі 1 млн. 200 мың теңгеге жасады. Сонымен қоса, астаналық 8 «борышкер әке» алименттерін өтеу үшін алдын ала 950 мың мен 1 млн теңге арасында қаражат аударған»,- деді Қанат Мусин. Оның сөзіне қарағанда, аталған шара алимент төлемейтін борышкерлерден қарызды қайтаруда мейлінше тиімді болып табылады. Айта кетерлігі, қазіргі таңда ішкі істер органдарына алимент төлемегені үшін қарызы бар азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 723 ұсыным жіберілген. «Қазіргі таңда осы ұсынымдардың 80-і бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қалғаны қаралу барысында тұр», - деді Қанат Мусин.