Мемлекеттік қызметшілер бағытындағы ротация мәселесі аса қажетті үдеріс - Б. Бәйбек
АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік қызметшілер бағытындағы ротация мәселесі ел дамуы үшін аса қажетті үдеріс.
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өтіп жатқан «Мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі: міндеттері мен даму келешегі» атты ғылыми-практикалық конференция барысында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бауыржан Бәйбек осылай мәлім етті.
Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың мемлекеттік қызмет және кадр саясаты туралы жүктеген міндеттеріне тоқтала келе Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бауыржан Бәйбек, тұтастай алғанда мемлекеттік қызметтегі ротация мәселесінің маңызды болып отырғанын атап өтті. «Қазақстан өзінің территориясы жағынан аса ауқымды ел. Дегенмен, біздің өңірлердің даму деңгейі біркелкі емес. Мәселен еліміздің бірқатар өңірлері қазірдің өзінде даму жағынан Шығыс Еуропа, Еуропалық Одақ елдерінің қатарында болса, кейбір аудандарымыз мүлдем арта қалып отыр. Сонымен қатар, біздің белгілі бір жергілікті, менталитеттік, мәдени тұрғыдағы экономикалық ерекшеліктер мен айырмашылықтар да өңір дамуына әсерін тигізетіні айқын. Сондықтан да, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілер тек қана Астана мен Алматы төңірегіне топтаса бермей, осы тараптан ротация үдерісінің болғаны абзал», - деді Б. Бәйбек. Оның айтуынша, елдегі мемлекеттік қызмет бойынша ротация мәселесі аса қажетті үдеріс.