Мемлекеттік қызметшілер жалақысына қоса үстемақы алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметкерлер өздерінің жалақысына қоса үстемақы алады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

Мемлекеттік қызметшілер жалақысына қоса үстемақы алады

«Президенттің тапсырмасы бойынша, біз 10 пайыздық қысқарту жүргіздік, алайда үнемдеу есебінен қалыптасқан еңбекақы қорын еңбегін бағалауға лайықты адамдарды ынталандыруға бағыттаймыз. Бұл тұрғыда үстемақы қарастырылып отыр. Бұл үдерісті біз қарастырып шықтық. Барлық мемлекеттік органдарда ол 10 пайыздық қор болады және бұл қор қалыптастырылды»,-деді министр. Оның сөзіне қарағанда, министрліктерде қосылу барысында бір қызметке екі адам үміткер болуы мүмкін. Яғни, бұл тұрғыда орынбасарлық қызмет немесе өзге де лауазымдар ұсынылады. Бұдан бас тартқанда және қысқарту жағдайында заңнамаға сәйкес, 4 айлық жалақы төленеді. Естеріңізге сала кетейік, тамызда Үкімет құрамындағы қайта құру шараларының нәтижесінде кейбір министрліктер мен агенттіктер қосылды.