Мемлекеттік қызметшілерді іріктеу екі кезеңнен тұратын конкурс негізінде жүзеге асатын болады
ТАНА. 10 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік қызметшілерді іріктеу екі кезеңнен тұратын конкурс негізінде жүзеге асатын болады.
Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде мемлекеттік қызмет жаңа моделінің тұжырымдамасына арналған жиын барысында агенттік төрағасы Әлихан Бәйменов осылай мәлім етті.
Атап айтқанда, заңнама нормаларына, әкімшілік стандарттары мен регламенттеріне, басқарушылық корпусының талаптарына сәйкес іске асыру қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілерді іріктеу екі кезең бойынша, конкурс негізінде жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезеңде Агенттік белгілі бір мерзімділікпен (мысалы айына бір рет) заңнаманы білу жөніндегі тестілеудің негізінде және кәсіби және жеке құзыреттері бойынша кадр резервіне жинақтауды жүргізетін болады. Бұл ретте қажет болса, әңгімелесу, эссе жазу да қарастырылады. Ал екінші кезеңде мемлекеттік орган резервтер қатарынан ғана бос лауазымға конкурс өткізеді. «Конкурстық іріктеудің ашықтығы мен шынайылығының аса жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асады. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың конкурстық комиссияларының құрамына сыртқы сарапшыларды қосу, конкурстық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін белгілеу, әңгімелесу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету шаралар көзделеді. Бұндай үдерістерге БАҚ өкілдері шақырылып, аудио-бейне бақылау жұмыстары да қарастырылатын болады», - дейді Ә. Бәйменов.