«Мемлекеттік қызметшілердің қызмет тізімі үлгісін бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер енгізілді

АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат. 2011 жылдың 10 қыркүйегінде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының «Мемлекеттік қызметшілердің қызмет тізімі үлгісін бекіту туралы» 2003 жылғы 29 сәуірдегі №02-01-02/59 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының бұйрығы жарияланды.

 «Мемлекеттік қызметшілердің қызмет тізімі  үлгісін бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер енгізілді

Бұйрықтың түсіндірмесіне сәйкес, азаматтардың өз қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бойынша жоғарылау құқығы мемлекеттік қызметтің маңызды принциптерінің бірі болып табылатын жалпы қол жетімділік принципіне негізделеді. Бұл принцип Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңында бекітілген.

Заңның 8-бабында мемлекеттiк қызметшiнiң бiлiктiлiгi мен қабілетi, өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал орындауы ескеріле отырып, қызметi бойынша жоғарылатылуға құқығы бекітілген.

Қазіргі кезде бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға барлық тағайындаулардың 70%-на дейінауысу тәртібімен жүзеге асырылады. Бұл шамамен жылына 22 000 тағайындауды құрайды.

Заңнамаға сәйкес, мұндай жағдайда мемлекеттік қызметші бос лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сай болуы тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшінің өзіне қойылатын негізгі талаптар екеу-ақ: жұмыс өтілі мен білімі бойынша талаптар.

Осылайша, егер мемлекеттік қызметшінің жеткілікті жұмыс өтілі мен тиісті дипломы болса, онда ол тиісті лауазымға ауысу тәртібімен тағайындала алады. Бұл ретте, оның бұрынғы лауазымдағы жұмыс нәтижелері, оның қызметтік міндеттерін орындауына берілген баға, кәсіби және жеке қасиеттері, басқа да нақты қабілеттері, сондай - ақ кәсіби дайындығының көрсеткіштері ескерілмейді.

Шын мәнінде, мемлекеттік қызметшіні конкурссыз ауысу тәртібімен тағайындаған жағдайда, оның жоғарыда аталған қасиеттерін бағалауды бұрынғы жұмыс орнының беруін қамтамасыз ететін толыққанды тетік жоқ. Мемлекеттік орган өзінің қызметкерін қабылдау туралы шешім қабылдағалы жатқан мемлекеттік органға ауысып жатқан қызметшісінің жоғарыда аталған көрсеткіштері туралы бағаны беруі міндетті емес.

Осыған байланысты Агенттіктің осы бұйрығы заңнама бойынша әрбір мемлекеттік қызметшіге толтырылатын және бос лауазымдық орны бар мемлекеттік орган мемлекеттік қызметшіні ауысу тәртібімен тағайындауды келісу үшін Агенттікке ұсынатын құжатқа - қызмет тізіміне өзгерістер енгізуді көздейді.

Агенттіктің бұйрығына сәйкес қызмет тізіміне «Мемлекеттік қызметшіге мінездеме» атты жаңа бөлім енгізілді. Мінездеме бірнеше көрсеткіштер бойынша толтырылады, олар: көшбасшылық қасиеттері және жұмысты ұйымдастыру қабілеті(басшылық лауазымдағы адамдар үшін), жауапкершілігі мен орындаушылығы және тағы басқалары. Олардың әрқайсысы 4 баллдық шкала бойынша бағаланады.

Сонымен қатар бұйрықпен қызмет тізімінің қолданыстағы бөлімдеріне де өзгерістер енгізілді. Жаңа бағандар көзделген: «Қайта даярлау курстарын, біліктілікті арттыру семинарларын өту күні», «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшiн әкімшілік жазаны қолдану туралы мәліметтер...».

Қызмет тізімі ауысу тәртібімен тағайындалуға кандидатураны қарастырып жатқан мемлекеттік органға үміткердің бұрынғы жұмыс орны берген оның қабілеттері мен кәсіби дайындығы жөніндегі ресми бағаны алуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшіні ауыстыру туралы шешім қабылдайтын бұрынғы жұмыс орнындағы да, жаңа жұмыс орнындағы да лауазымды адамдардың жауапкершілік деңгейін арттыруға ықпал ететін болады.

Осы бұйрық ҚР Президентінің 2011 жылғы 21 шілдедегі Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі жаңа моделінің тұжырымдамасына» сәйкес мемлекеттік қызмет саласындағы кадр саясатын жетілдіру бойынша Агенттік жүргізіп жатқан жұмыстың аясында қабылданды.

Бұйрық және оның түсіндірмесі туралы толық ақпарат ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің www.kyzmet.kz ресми веб-сайтында орналасқан.