Мемлекеттік қызметшілерге біліктілікті арттыру семинарының нәтижесінде сертификаттар табыс етілді
АСТАНА. 8 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің әр өңірінен келген 32 мемлекеттік қызметшіге Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының біліктілікті арттыру семинарының нәтижесінде сертификаттар табыс етілді.
Тыңдаушылар бір апта бойы «Мемлекеттік басқаруды жаңғырту жағдайындағы мемлекеттік қызметшілердің тұлғасы мен кәсіби қабілеттерін жетілдіру» деген тақырыпта білікті ұстаздардан дәріс алды.
Семинардың жалпы жиынтығы 40 сағаттан тұрады. Апта ішінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Сейіл Баймағамбетов, «Нұр Отан» ХДП Астана қалалықфилиалы Әлеуметтік бастамаларды талдау және болжамдау орталығының жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Қазбек Қазкенов, Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары Асхат Рахымбаев, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Толқын Нұрышева, «Мемлекеттік тіл» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Құралай Айтмұхаметова және басқа ғалымдар тыңдаушыларға дәріс берді. Соның ішінде «Тиімді басқару стильдері», «Жергілікті мемлекеттік басқарудың өңірлік аспектісі», «Қазақстандағы діни жағдай және демократиялық мәдениет қалыптастыру мәселелері», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау: мониторинг және бағалау», «Мемлекеттік қызметшінің сөз мәдениеті» тақырыптары қамтылды.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мақсатында өткен семинарды осы академияның Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтының «Басқару философиясы мен әдіснамасы» кафедрасы ұйымдастырған болатын.
Сертификат тапсыру барысында тыңдаушыларға «Басқару философиясы мен әдіснамасы» кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Елтай Шаханов және философия ғылымдарының кандидаты Жалғас Сандыбаев ізгі тілектерін білдірді.
Тыңдаушылар атынан ҚР Президенті Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің инспекторы Сарқытбек Молдабаев және ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің өкілі Манасбай Қожанұлы осы семинарды ұйымдастырушыларға ризашылықтарын жеткізді.