Мемлекеттік қызметте жалақы аз, ал талап көп - Мамыраев
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанның мемлекеттік-жекешелік орталығы» АҚ төрағасының орынбасары, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ғалымбек Мамыраевтың ойынша, алдағы уақытта мемлекеттік қызмет жүйесі өзгеретін болады. Оған қазіргі реформалар да әсер етеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ашығын айту керек, мемлекеттік қызметте жүрген адамдар өте аз ақша алады. Біз олардың жалақысын аз төлейміз де, көп нәрсені талап етіп отырамыз. Бүгінде адамдардың алып жатқан ақшасынан артық нәрсені талап ете алмайтынымызды түсінетін кез келді. Ондай жүйе логикаға қайшы және экономика заңдарына кереғар. Адамдарға стимул керек. Иә, кейбіреулер ақша маңызды емес, мен идея үшін жұмыс істеп жатырмын дейді. Дегенмен, 50 мың алып, жаңа идея табу мүмкін емес. Толыққанды өмір сүрмесең, толыққанды жұмыс та істей алматының бесенеден белгілі», - деді Ғалымбек Мамыраев бүгін Президенттің Жолдауына арналған жиында.
Осы орайда «Болашақтың» түлегі Сингапурдың тәжірибесін мысал ретінде келтірді. Ол жақта xалық өз жалақысының біраз бөлігін зейнетақыға, денсаулық сақтау жүйесіне салып қойып отырады. Артынан ол ақшаны күнделікті қажеттіліктерге, тіпті баспананы сатып алуға жұмсайды. «Әрине, ол үшін xалықтың табысы жоғары болуы тиіс. Ол жайында әрбір Жолдауда айтылып отырады. Осы тұрғыда біраз шаралар да атқарылып келеді. Шын мәнінде, xалықтың табысы номиналды түрде өте жақсы өсті. Дегенмен, шын жағдайда олай емес», - деп атап көрсетті Мамыраев. Осыдан кейін ол «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскелі жатқан және оқып жүрген жастарға Қазақстанға оралғаннан кейін көп жалақы аламын деп үміттенбеуге кеңес берді.