Мемлекеттік қызметте жетілдіруді қажет ететін мәселе көп - Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік

АСТАНА. Желтоқсанның 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырудың басты жолдарының бірі осы қызметте адам ресурстарын тиімді басқару жүйесін енгізіп, кадрлардың біліктілік деңгейін тұрақты арттырып отыру болып табылады.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада «Мемлекеттік қызмет пен жаңа басқару шешімдерін құқықтық қамтамасыз ету» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Асқар Шоманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, соңғы он жыл ішінде елімізде мемлекеттік қызметтің тиімді жүйесі қалыптасты. Соған қарамастан қазіргі заман бұл мәселе бойынша өз талаптарын қойып отыр. Сондықтан мемлекеттік қызмет те өзге салалар сияқты тұрақты жаңарып, жаңғырып отыруы тиіс. «Бүгінде мемлекеттік қызмет істерінде біз біршама жетістіктерге жеттік дегенімізбен, онда жетілдіруді қажет ететін проблемалар жетерлік. Олардың біріншісі азаматтардың мемлекеттік қызметке келер алдында қойлатын ереже немесе тәртіпке байланысты. Мысалы, мемлекеттік қызметке араласуға ниет білдірген азаматтарға қойылатын тестілеу шаралары олардың мемлекеттік қызметке қатысты нормативті-құқықтық базаны меңгеру деңгейін ғана анықтауға мүмкіндік береді. Ал олардың біліктілік деңгейін мұндай тәсілмен анықтау мүмкін емес. Оның үстіне мемлекеттік органдардағы конкурстық комиссияның жұмысы қағаз жүзінде ғана жұмыс істейді», деді агенттік төрағасының орынбасары.

Оның пікірінше, екінші мәселе кадр мәселесіне келіп тіреледі. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жатқан кадр резерві өкінішке қарай, өзінің тиімділігін көрсете алмады. «Біздегі әкімшілік кадр резервін жасақтау шаралары кей жағдайда мемлекеттік қызметке конкурстық  іріктеусіз-ақ араласу тәсілі ретінде қолданылады. Ал мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру немесе оларды дайындау мен қайта дайындау жұмыстары көп жағдайда тек формалды түрде ғана жүргізіледі. Бұл бағыттағы шараларға мемлекеттік органдар да аса қызығушылық танытып отырған жоқ. Басқаша айтқанда, мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттырумен айналысатын кадр қызметі өздеріне жүктелген міндетті талапқа сай жүзеге асыра алмай отыр», деді А.Шоманов.

Соңғы жаңалықтар