Мемлекеттік қызметтегі әйел басшылардың үлесі қандай
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда мемлекеттік қызметте қаншай әйел лауазымға ие? Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2010 жылғы статистикаға сәйкес мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 52,7 пайызды құрады. Өткен жылы көрсеткіш 55,4 пайызға жетті. Оның ішінде 39,2 пайызы басшылық лауазымда», - деді Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, саяси лауазымдарда 59 әйел еңбек етеді. Олардың арасында министрлер, агенттіктердің, жоғары аудиторлық палата және Конституциялық соттың төрағалары, сондай-ақ облыс мен қала әкімдерінің орынбасарлары бар.
«Шағын және орта кәсіпкерліктегі әйелдер үлесі 2011 жылы 38,4 пайыз болса, 2021 жылы 44,6 пайызды құрады. Сондай-ақ, еліміздегі кәсіпорын басшыларының 30,8 пайызы әйелдер. Үкімет мемлекет қатысатын компаниялардың басшы органдарындғы әйелдердің үлесін 30 пайызға дейін кезең-кезеңімен арттыру жөнінде шаралар қабылдауда», - деді министр.