Мемлекеттік қызметтегі кадрларды іріктеу мен ілгерілетудің әділ жүйесі қалыптасады - Жазықбаев
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік қызметтегі кадрларды іріктеу мен ілгерілетудің әділ жүйесі қалыптасады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Агенттік осы жылдың 11 қаңтарындағы Парламент Мәжілісінің отырысында Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық міндеттерді іске асыру бойынша жұмыс жүргізді. Мемлекеттік аппаратты одан әрі кәсібилендіру агенттік басымдықтарының бірі болып қала береді. Іріктеу жүйесін жетілдіру және мемлекеттік қызметтен «шығу» тәртібін жеңілдету жөніндегі жұмыс жалғасуда. Мемлекеттік қызметтегі кадрларды іріктеу мен ілгерілетуде меритократия қағидаттарына негізделген ашық, ең бастысы әділ жүйені қалыптастыру маңызды міндет болып отыр», – деді Дархан Жазықбаев агенттіктің бірінші жартыжылдықты қорытындылауға арналған жиынында.
Агенттік баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекеттік аппараттың сапалық құрамын арттыруға қосымша жағдайлар жасау үшін халықаралық тәжірибені зерделеу негізінде әкімшілік мемлекеттік қызметке іріктеу құралдарын дамыту іс-шаралары қабылданып жатыр. Осылайша, цифрлық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетіне тестілеуді, құзыреттер бойынша әңгімелесуді, эссе жазуды және бейінді тестілеуден өтуді қамтитын жаңа тәсілдер қарастырылады. Бұл ретте іріктеу процесінің ашықтығы мен клиентке бағдарлануы конкурстық рәсімдерді толық цифрландыру арқылы қамтамасыз етілетін болады.

«Кейбір лауазымдарға мемлекеттік қызметке кіру тәртібін жеңілдету қарастырылуда. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтен «шығу» бойынша тәртіп оңтайландырылады. Тиісті заң жобасы Парламенттің қарауына енгізілді. Мемлекеттік бастамалар мен салалық жобаларды іске асыру кезеңінде мемлекеттік органдарға арнаулы білімі бар кәсіби мамандарды тарту үшін келісімшарттық қызметшілерді жалдау мүмкіндігі беріледі», - деп атап өтеді ведомстводан.
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі