Мемлекеттік қызметтің әдебі ескерілсе...

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Алматы қаласының әкімшілік ғимаратында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы бойынша департаменті мен Алматы қаласы әкімдігі бірлесіп, «Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қызметін жүзеге асырудағы қызметтік этика және жоғары рухани-адамгершілік ахуал» атты тақырыбында алқасөз өткізді, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында.

Мемлекеттік қызметтің әдебі ескерілсе...

Алматы қалалық соты, проку­ратура, ішкі істер департаментінің, үкіметтік емес ұйымдардың бас­шы­лары қатысқан бұл жиынның мақ­саты - азаматтардың құқық­тары мен заңды мүдделерін қорғау қыз­метін жүзеге асырудағы қызметтік этика және жоғары рухани-адам­гершілік ахуалды қалыптастыру. Отырысты ҚР мемлекеттік қызмет істері ми­нистрлігінің Алматы қаласы бо­йынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқар­масының басшысы Мақсатхан Анапин кіріспе сөзбен ашты. Жиын­да Алматы қалалық сотының судья­сы Болатбек Қатық­баев, «Халық­аралық құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Жанділдә Жақыпов, Алматы қаласы прокуратурасы басқарма­сының аға прокуроры Ерлан Сапаев, Алматы қалалық ішкі істер департаментінің Кадр жұмыстары басқармасы басты­ғының орын­басары Олжас Мырза­бековтер баяндама жасап, мемле­кеттік қыз­меттерде, құқық қорғау орган­дарында қызметтік этиканы қалып­тастыру жұмыс­тарының қалай жүр­гізіліп жатқандығынан хабар­дар етті. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жариялаған бес институционалдық реформа аясында «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» жоспарының 13 қадамын­дағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мен мемле­кеттік қызметтің жаңа моделінде мемлекеттiк қызметшiлердiң мо­ральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойы­латын талаптарды жоғарылату мақсатында әдептілік нормалары мен мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Әдеп жөніндегі кодексі қабылданды. 

Әдеп жөніндегі кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалып­тастыруға және мемлекеттік қызмет­шілердің әдепсіз мінез-құлық жағ­­дай­­ла­рының алдын алуға бағытталған. Жаңа кодекс мемлекеттік қызметшілердің жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға негізделген. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер қабылдайтын түрлі шешімдерінің заңдылығы мен әділдігі, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдерді қабылдаудың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етеді. Мем­лекеттік органдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігіне кедергі жасайтын іс-әрекеттерді болдырмау, алдын алу шараларын уақытында ұйымдастырады. Кез келген мемлекеттік қызметші өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде басқа да мемлекеттік қызметшілердің қызметін пайдаланбауға, шындыққа келмейтін мәліметтерді таратпауы тиіс. Сонымен қатар мем­лекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақыттағы, қызметтік қатынастардағы, көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттарын белгіленген талаптарға сәйкес, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, абыроймен атқаруы тиіс.

Әдеп жөніндегі кодекске сәйкес мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі уәкілдер енгізілді, ол мемлекеттік қызметтің әдеп нормаларының сақ­талуын, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілердің құқық-бұзушылықтардың алдын алу мәселелерін қамтамасыз ету қызметін жүзеге асырады. Әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі қызметі мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсете отырып, мемлекеттік қызметшілердің заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауына ықпал етеді. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағ­дайларда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдап, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауын мони­торингтеуді және бақылауды жүзеге асырады. Әдеп кодексін бұзудың алдын алу, оған жол бермеу, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастыру мақсатында азаматтық қоғам институттарымен және мемлекет­тік органдармен өзара іс-қимыл жасайды. Олардың қызметін үйлестіру Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігіне жүктеледі.