Мемлекеттік лауазымды қызметшілерге инвестициялық пай қорларының салымшылары болуға, содан табыс табуға рұқсат берілетін болады
АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар мен оларға теңестірілген адамдардың құқықтық жағдайы мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы мақұлданды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасы мемлекеттік аппараттың лауазымды адамдары мен оларға теңестірілгендер қызметінің ашықтығын арттыру, сондай-ақ олардың бағалы қағаздар нарығын дамыту жөніндегі мемлекеттік шараларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында әзірленген. Халықаралық тәжірибеге сәйкес халықтың жинақтарын бағалы қағаздарға белсенді түрде инвестициялауға тартпай, бағалы қағаздар нарығын дамыту мүмкін емес. Мемлекеттік аппараттың өкілдері жеке инвесторлар табының, оның «экономикалық» менталитеті мен көзқарасының қалыптасуына белсенді түрде септігін тигізеді деп болжануда. Бұл ретте мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметшілерінің өз жинақтарын қаржы құралдарына инвестициялау бойынша қажетті білімі және жұмыс тәжірибесі болуы маңызды болып табылады. Осыған байланысты заң жобасымен заңнаманы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар мен оларға теңестірілген адамдарға инвестициялық пай қорларының пайларын сатып алуға және олардан табыс алуға рұқсат ететін нормалармен толықтыру ұсынылады. «Мемлекеттік аппараттың лауазымды қызметкерлері мен оларға теңестіліргендер үшін инвестициялық пай қорларының салымшылары болуына рұқсат бере отырып, біз тұрғындардың осы санаттарына өз жинақтарын бағалы қағаздарға инвестициялауға көмек көрсетеміз. Сонымен бірге, инвестициялық пай қорларына қаржылардың қосылуы отандық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үдерісін жандандыруға ықпал ететін болады», деді заң жобасына бастамашылық жасаған сенатор Рашит Ахметов.
Заңнамада мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлеріне инвестициялық пай қорларының пайларын сатып алуға тікелей тыйым салынбағанын атап өту қажет. Дегенмен, тиісті түзетулерді енгізу құқықтық олқылықтарға жол бермеу, сондай-ақ заңнама нормаларын біркелкі және нақты қолдану үшін қажет болып отыр. Заң жобасын қабылдау сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерін, оның ішінде өз атынан емес бөгде адамдардың атынан, жасырын, бүркеншік атпен және басқаша да азаматтық-құқықтық мәмілелер жасасу фактілерін азайтуға, азаматтардың инвестициялық белсенділігін және қаржылық сауаттылығын арттыруға, халықтың қаржы секторындағы мемлекеттік шараларға сенімін көтеруге жағдай жасайды.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.