Мемлекеттік материалдық резервте қандай заттар сақталады
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік материалдық резервте қандай материалдық құндылықтар мен азық-түлік түрлері сақталатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік материалдық резервте материалдық құндылықтардың 108 түрі (төсек-орын жабдықтары, киім, ыдыс-аяқ, тіршілікті қамтамасыз ету құралдары, шатырлар, электр керек-жарақтары, құрылыс материалдары мен жабдықтары, арнайы автомобиль техникасы) және азық-түліктің 14 түрі (ұн, ет консервілері, қант, өсімдік майы, шай, макарон өнімдері, әртүрлі жарма, тұз, кептірілген көкөніс және т.б.) бар», - делінген Үкімет басшысының Сенат депутаттары сауалына берген жауабында.
Оның атап өтуінше, бұл материалдық құндылықтар жыл сайын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларда қолданылады.
«Павлодар облысы Екібастұз қаласының аумағындағы жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жою кезеңінде мемлекеттік материалдық резерв қоймаларынан жылу электр орталығы мен жылу желілеріндегі апатқа байланысты мүлік (пеш - 30 дана, далалық ас үй - 2 дана, вахталық контейнер - 1, майлы радиатор - 50 дана, төсек-орын керек-жарақтары – 5 000 дана, ыдыс - 4800 дана, жылу беру радиаторлары - 800 дана) броньнан шығарылып, жеткізілді», - деді Премьер-Министр.