Мемлекеттік мекеме басшылары қандай қызметтік автомобильдермен жүреді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекеттік мекемелердің көбінесе қандай қызметтік автомобильдерге тапсырыс беретіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ағымдағы жылы мемлекеттік мекемелер жалпы сомасы 16,6 млрд теңгеге автомобиль сатып алды, бұл өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік органдардың қызметтік автомобиль алуда қаражат жұмсауды азайтқандығын көрсетеді. Мәселен, өткен жылы осы мақсатқа 26,6 млрд теңге жұмсалған болатын. Ал мемлекеттік мекемелердің сұранысына ие автомобильдерге келсек, алдыңғы орында жол таңдамайтын Lada 4x4, екінші орында Skoda Оctavia және үшінші JAC S5 тұр. Сол сияқты бестікке Lada Vesta мен KIA Сerato кіреді», - деді «ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақстанның автомобиль саласындағы кәсіпорындары одағының төрағасы Олег Алфёров.
Оның айтуынша, жалпы жергілікті өндірістің жеңіл автомобильдерін сату рейтингінінің басында Lada Granta (2 771 бірлік), Lada 4x4 (2 322 ) және Hyundai Tucson (1 890) тұр. Қазақстандықтардың арасында ең танымал модельдер тізімін сондай-ақ Lada Vesta, Lada Largus, Hyundai Accent, Hyundai Elantra , Hyundai Creta, KIA Sportage және Lada XRAY толықтырды.
Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша республиканың ЖІӨ-нің құрылымына сала кәсіпорындарының салымы 140,9 млрд теңгені құрды, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 50,7% артық.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Қазақстанның автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы осы жылдың 9 айындағы республика автоөндірушілерінің жұмыс нәтижесі туралы ақпарат беріп, онда халық мініп жүрген әрбір екінші көліктің елімізде құрастырылатынын айтқан болатын.