Мемлекеттік монополия мәселелері жөніндегі жоба мақұлданды - Мәжіліс
АСТАНА. 2 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік монополия мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасы экономикаға мемлекеттің араласуын азайтуды қарастырады. Бұл ретте ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігін, қоғамдық тәртіпті, халық денсаулығын қорғау мақсаттарында кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысуы талап етілетін ерекше жағдайларда ғана мемлекеттік монополия енгізу көзделетін болады. «Мемлекеттік монополияға жатқызылған салаларды, мемлекеттік монополия деп жарияланбаған ерекше құқықтарды азайту және бәсекелестік нарықта қызмет түрлерін көрсету мүмкіндіктерін заңнамалық деңгейде бекіту қарастырылады. Әйтпесе бұларды мемлекеттік мекемелер іске асыратын функцияларға жатқызу ұсынылады», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев.
Бұдан бөлек, заң жобасында баға белгілеудің ашық болуын қамтамасыз ету және мемлекеттік монополия субъектісінің жоғары тарифтерін белгілеуге жол бермеу үшін бағаны ҚР Үкіметінің бекітуі көзделген.
Құжатты екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар бірқатар өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, ақпараттандыру саласындағы операторды, «электрондық үкіметтің» төлем шлюзының операторын және мемлекеттік органдардың бірыңғай көлк ортасы операторын белгілеудің қолданыстағы тәртібін сақтау қарастырылды.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.