Мемлекеттік мүлікке қатысты қолданыстағы заңдарға толықтырулар енгізілмек

АСТАНА. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Үкіметтен Мәжіліске «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік мүлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті.

Мемлекеттік мүлікке қатысты қолданыстағы заңдарға толықтырулар енгізілмек
Бұл заң жобасы бойынша Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті жұмыс тобын құрады және қорытынды әзірлейтін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Заң жобасын қабылдаудың мақсаты - құқықтық негіздерді, принциптер мен ережелерді бекітетін, мемлекеттің мемлекеттік мүлікке құқығын жүзеге асыру процесінде туындайтын қатынастарды реттейтін «Мемлекеттік мүлік туралы» заң жобасына сәйкес келтіру үшін Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу болып табылады. Заңды қабылдау мемлекеттік мүлікті басқару туралы құқықтық негіздерді, принципетр мен ережелерді айқындайтын заңнамалық базаны жетілдіруге әкеледі. Қолданыстағы заңнамалық актілердің барынша маңызды ауқымына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша заң жобасының құқықтық, саяси және әлеуметтік-экономикалық маңызы ел экономикасы саласының қазіргі жағдайларында қалыптасқан қарым-қатынастарды реттейтін құқықтар нормалары жүйесінің алдағы уақытта тиімді жұмыс істеуі үшін сенімді де нық іргетасын жасауға алып келеді. Осы заң жобасының қабылдануы және «Мемлекеттік мүлік туралы» заң жобасының іске асырылуына орай халықтың түрлі топтары мен санаттарының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында мемлекеттік меншікті жедел басқару, тиімді пайдалану және әділ бөлу мәселелерін реттеу есебінен әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық жағдайлардың жақсы жаққа қарай өзгеруін болжауға болады.