Мемлекеттік мүлікке қатысты жоба мақұлданды - Мәжіліс

АСТАНА. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Мемлекеттік мүлік туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Мемлекеттік мүлікке қатысты жоба мақұлданды - Мәжіліс

Енді құжат Парламент Сенатының қарауына жіберіледі.

Аталған заң жобасының басты мақсаты мемлекеттік мүлікке мемлекеттік құқықты жүзеге асыру үдерісінде қалыптасқан қатынастарды реттейтін мемлекеттік мүлікті басқарудың құқықтық негіздерін, қағидаттары мен ережелерін айқындайтын заңнамалық базаны жетілдіру болып табылады. Бұл ретте Мемлекет басшысы өз Жолдауында осы заманғы экономикалық жағдайда өзгеріп отырған мемлекеттің рөлін мемлекеттік активтерді тиімді басқару проблемаларына жаңа тұрғыдан қарау қажеттігін айтқан болатын. Бұларды заңнама нормасына айнадыру қажеттігін, соның ішінде мемлекеттік активтерді басқару туралы бөлек заңның болуы тиістігін алға тартқан еді.

Сонымен бірге, құжатты әзірлеуде негізгі үш мақсат көзделген. Біріншіден - мемлекеттік меншіктің және өзге де құқықтардың иесі ретінде мемлекеттік мүлікке құқықтарды тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету. Екіншіден - мемлекеттік мүлікті басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар құзіретінің аражігін ажырату және мемлекеттік органдар мен олардың басшыларын мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізудегі жауапкершілігін арттыру. Үшіншіден - ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар арқылы мемлекеттік мүлікті корпоративтік басқарудың құқықтық негіздерін, олардың мемлекеттік органдармен нақты қарым- қатынасын қамтамасыз етуге жауапкершілігін белгілеу.

Екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар тарапынан мемлекеттік мүлікті басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың құзыреті, осындай кәсіпорындар қызметінің аясы, мемлекеттің стратегиялық нысандарға ие болуының құқықтық режімі секілді мәселелерге қатысты ұсыныстар жасалған.