Мемлекеттік орган басшылары халықты онлайн режімде қабылдауға көшулері тиіс - ҚР Президентінің Әкімшілігі
АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Мемлекеттік орган басшылары халықты онлайн режімде қабылдауға көшулері тиіс.
Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Ұлттық мұрағатында электронды құжат айналымы тақырыбында өткен республикалық семинарда ҚР Президенті Әкімшілігінің жалпы бөлім меңгерушісі Мірболат Жақыпов мәлім етті.
«Мемлекеттік орган басшылары халықты онлайн режімі арқылы қабылдауға көшулері тиіс. Бұл құжат айналымға түсетін жүктемені бәсеңдетуі тиіс. Басшыларды аталмыш технологияларға дағдыландыру керек», - деп атап өтті М. Жақыпов.
Оның айтуынша, азаматтардың арыз-шағымдарын қарастыру кезінде IT-технологияларды қолдану үдерісі электронды құжат айналымның дамуына жаңа серпін береді.
«Бұл - жаңа сала. Бұрындары халық өз арыздарын қағазға жазатын еді. Енді бірте-бірте оларды электронды форматқа баулып жатырмыз», - деді бөлім меңгерушісі.
Сондай-ақ, М. Жақыповтың атап өткеніндей, қазіргі уақытта Президент Әкімшілігі халықтан түскен арыз-талаптарын міндетті түрде электронды нұсқаға аударуды жолға қойған. Бұл басқа да министрлік пен әкімдіктер үшін үлгі болуы тиіс.