Мемлекеттік орган қызметкерлері бірінші кезекте республика азаматтарының мәселелерімен айналыссын - Н.Назарбаев
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мемлекеттік органдағы қызметкердің басты міндеті тұрғын халықтың қажеттіліктері болуы керек. Мемлекеттік қызметкер бірінші кезекте солардың мәселелерімен айналысулары керек. Бұны бүгін «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесі бюросының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Маған тұрғындармен тікелей желі арқылы республика азаматтарынан 40 мың сауал түсті. Мен қазір оларды сараптап жатырмын, бірақ толық нәтижесін әлі шығарған жоқпын. Осы орайда тұрғындар осыншама сауалды Президентке не үшін жолдайды деген сауал туындайды», деді Президент.
Елбасының айтуынша, республика азаматтарының Мемлекет басшысына мұңын шағуының басты себебі- олар ауылдық әкімнен бастап, барлық деңгейдегі шенеуніктердің алдында болып шыққан. Олардан ешқандай қайыр болмаған соң тұрғындар Президентке хат жазуға мәжбүр. «Мемлекеттік қызметкердің мынаны орындауға болады, ал мынаған менің құлқым жоқ деп жұмысты таңдауға құқы жоқ. Олар үшін басты міндет - тұрғындардың проблемалары болуы керек», деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.