Мемлекеттік органдар «Ақпараттық қолжетімділік туралы» заңды толық орындаулары керек - М. Әшімбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдар «Ақпараттық қолжетімділік туралы» заңды толық орындаулары керек. Бүгін Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның «Ашық Үкіметті» енгізу жөніндегі Кіші жұмыс тобының отырысында Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Мәулен Әшімбаев осылай мәлім етті.
«Ұлт жоспарының «Ашық Үкіметті» қалыптастыру бағыты бойынша Кіші жұмыс тобының алдында бірқатар маңызды міндеттер тұр. Бұл ретте бірінші кезекте, «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» заңның жүзеге асуы мен орындалу барысына мониторингті атап өткім келеді. Бұл заңды қабылдауға бәріміз атсалыстық. Енді мемлекеттік органдар оны толық орындауға баса назар аударулары керек. Біз өзіміздің жұмыс тобымыз аясында «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» заңның орындалуына қатысты үдерістерді бақылайтын боламыз», - деді М. Әшімбаев.
Оның айтуынша, алдағы уақытта «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңның орындалу барысында жұмыс істемейтін нормаларды анықтауға, құқықтық олқылықтарға, кемшіліктерге, заңдағы нормалық жетіспеушіліктерге мән беріледі. Бұл бағытта тиісті сараптамалар да жасалатын болады.
«Осындай олқылықтардың орын алуына орай, біз алдағы уақытта заңнамаға өзгерістер енгізу мүмкіндігін де қарастырамыз. Әрине, оны уақыт көрсетеді. Дегенмен, бұл үшін біз қай нормаларда кемшіліктер кеткенін нақты анықтап, білуге тиіспіз. Үшіншіден, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірлейтін боламыз. Осыған байланысты, біз Ұлт Жоспарының 94, 95, 96 қадамдарының жүзеге асырылуын кешенді түрде қарастыратын боламыз», - деді Мәулен Әшімбаев.