13:47, 06 Қараша 2013 | GMT +5
Мемлекеттік органдар құзыретіне өзгеріс енгізіледі - Мәжіліс
АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік органдардың құзыретін заңнамалық және (немесе) заңға тәуелді деңгейде бекіту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Аталған құжат, ҚР Конституциялық Кеңесінің 2008 жылға 15 қазандағы нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте мемлекеттік органдардың құзыреті ҚР Конституциясында, конституциялық заңдарда, сондай-ақ заңға тәуелді актілерде де белгілену мүмкіндігі қарастырылады.
Осыған орай, заң жобасында қолданыстағы заңнамалық актілерден мемлекеттік органдардың маңызды қоғамдық қатынастарды реттемейтін функцияларын алып тастау ұсынылды. Бұл ұлттық заңнаманы жеңілдетуге, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру үшін құқықтық саланы жетілдіруге мүмкіндік береді.
Мәжіліс мақұлдаған құжат Сенаттың қарауына жолданады.