Мемлекеттік органдар лицензияларды интернет арқылы бере бастайды
АНА. Тамыздың 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінде мемлекеттік лицензияларды электронды түрде алуға мүмкіндік беретін - «Е-лицензиялау» Мемлекеттік деректер қоры» ақпараттық жүйесінің таныстырылымы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Агенттік басқармасы төрағасының орынбасары Ерлан Дұрмағамбетовтың атап көрсеткеніндей, «Е-лицензиялау» «электронды үкімет» жобаларының бірі және оның басты мақсаты лицензияларды шығару үрдісін автоматтандыру, жеңілдету және жетілдіру болып табылады.
2008 жылдың сәуірінен бастап тәжірибелік қолданысқа енгізілген жаңа электронды жүйенің басты артықшылығы - лицензия алушыға мемлекеттік органдарға барудың қажеті болмайды және жемқорлықтың себепшісі болып табылатын - адами фактордың қатысуын азайтады.
Лицензия алушы www.elicense.kz сайтына кіріп, өзіне қажетті мемлекеттік органға өтінішті электронды түрде жолдай алады. Құжаттарды қарау мерзімі әзірше 30 күнді құрап отыр, Агенттік өкілі бұл мерзім алдағы уақыттары бірте-бірте азаятынына уәде етуде. Бүгінде электронды лицензияларды беруді үш орган - ҚР Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесімен күрес жөніндегі комитеті, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Энергияны қадағалау жөніндегі комитеті және Табиғи монополияларды реттеу агенттігі жүзеге асырып отыр. 2009 жылы - 6, 2010 жылы - 7 және 2012 жылдың соңына қарай барлық облыстардағы мемлекеттік органдар лицензияларды электронды түрде беретін болады деп жоспарлануда.
Электронды лицензия алғандар туралы барлық мәліметтер Мемлекеттік деректер қорында сақталады. Бұл біріншіден, лицензия алушылар туралы қандай да бір мәліметті қысқа мерзімде алғысы келген мемлекеттік органдардың өзіне, сондай-ақ құқықтық және тексеру органдарына да ыңғайлы.
«Қазақстан халықаралық интеграция үрдістеріне қатысу үшін басқа мемлекеттермен құжаттарды электронды түрде алмасуы қажет. 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Қазақстан, Беларус және Ресей Федерациясымен бірге Кеден Одағына кіретіні белгілі. Одақ шеңберінде әртүрлі лицензиялар жөніндегі мәліметтер тек қана электронды түрде тапсырылуы қажет», - деді Е.Дұрмағамбетов.