Мемлекеттік органдардың бірқатар функцияларын үкіметтік емес ұйымдарға беру қажет - Н. Ерімбетов

АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдардың бірқатар функцияларын үкіметтік емес ұйымдардың қызметтік аясына ауыстыру қажет. Бұл туралы бүгін Астанада «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұзақмерзімді әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру және мониторинг жасау» атты конференцияда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Әлеуметтік әріптестік орталығының басшысы Нұрлан Ерімбетов мәлім етті.

Мемлекеттік органдардың бірқатар функцияларын үкіметтік емес ұйымдарға беру қажет - Н. Ерімбетов

«Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бүгінгі уақыт талабына жауап бермейді. Қазіргі таңда саясат пен қаржылық мүмкіндіктер өзгерген, оның үстіне жаңа буын ауысты. Жақын арада бұл саланы өзгерту қажет», - деп атап өтті Н.Ерімбетов.

Оның сөзіне қарағанда, кейбір шенеуніктер мемлекеттік тапсырысты ақша табудың құралына айналдырған. Н. Ерімбетовтің пікірінше, бұл саланы түбегейлі өзгертудің тағы бір себебі осында жатыр.

«Маған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс үдерісін кейбір шенеуніктер жабық жағдайда реттейтіні ұнамайды. Бұның барлығы ҮЕҰ-ның беделіне нұқсан келтіреді. Әсіресе аймақтарда «бір күндік» үкіметтік емес ұйымдар көп болды. Осы орайда біз өз идеяларымызды жылжыту мақсатында мемлекеттік органдардың бірқатар функцияларын үкіметтік емес ұйымдардың қызметтік аясына ауыстыруды қарастыруымыз қажет. Менің ойымша, бұл - заман талабы», - дейді ол.

Шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ және «Амансаулық» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Конференция жұмысына ҮЕҰ-ның 70-ке тарта өкілі және мемлекеттік органдар қатысты.

Айта кетейік, статистика бойынша, Қазақстанда соңғы 5 жыл ішінде ҮЕҰ-ның саны 35 пайызға артып, 27 мыңнан асып жығылған. Онда шамамен 1,5 млн. адам қызмет етеді. Жыл сайын мемлекеттік тапсырысқа қажетті қаражат көлемі де өсіп келеді. Мәселен, 2013 жылы бюджеттен рекордты, шамамен 5 млрд. теңге қаржы бөлінген.