Мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру жүйелі түрде жүргізіледі - Сүлейменов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру жүйелі түрде жүргізіледі. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған еліміздің Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Заң жобасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-қадамын іске асыру үшін әзірленген. Ұлт жоспарының 97-қадамына сәйкес өзін-өзі реттеуді дамыту арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту және мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру көзделген Заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне ағымдағы жылғы қыркүйекте енгізілуі тиіс», -  деді ол.

Оның айтуынша, заң жобасы аясында көзделген түзетулерді шартты түрде 2 бөлікке бөлуге болады. Бірінші, бұл мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға берудің негізгі тәсілдерін бекіту. Екінші, ҚР Премьер-Министрі орынбасарының басшылығымен Үкіметтің жанындағы арнайы комиссия жұмысының нәтижелері бойынша белгілі бір функцияларды беру бойынша өзгерту.

«Базалық тәсілдерді бекіту үшін заң жобасында мыналар айқындалған: Мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелес ортаға берудің мақсаттары, қағидаттары мен әдістері; функцияларды іріктеу және берудің өлшемшарттары мен алгоритмі; функцияларды жүзеге асыру сапасын мониторингілеу және сапасыз іске асырылған жағдайда оларды қайтару тетігі; Үкімет пен мемлекеттік органдардың өкілеттіктері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ролі; функцияларды орындаушылардың және әлеуетті орындаушылардың құқықтары мен міндеттері; сондай-ақ арнайы құрылған Үкімет жанындағы Комиссияның мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру жөніндегі функциялары. Кейбір функцияларды бәсекелес ортаға беру қарастырылмайтынын айта кету керек. Олар негізінен ұлттық, ақпараттық қауіпсіздік, қорғаныс және қоғамдық тәртіпті қорғауға және тағы басқа салаларға бағытталған», -  деді Тимур Сүлейменов.

Министрдің сөзіне қарағанда, мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру жыл сайынғы негізде жүйелі түрде жүргізілетін болады.

«Бүгін біз ұсынып отырған алгоритм 7 негізгі кезеңнен тұрады. Бірінші және екінші кезеңде бәсекелес ортаға беруге ұсынылған мемлекеттік органдардың функцияларын іріктеу және алдын ала тізімді мақұлдау жүргізіледі. Үшінші кезеңде талқылау жүргізіледі. Бұл ҰКП мен ҰЭМ-нің ресми интернет-ресурстарында функциялардың бастапқы тізілімін орналастыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Келіп түскен өтініштерді талдау негізінде әлеуетті өнім берушілерді анықтау мақсатында нарық қатысушыларынан жауап күтеміз. Келесі, төртінші кезең ең маңызды болып табылады. Бұл кезеңде мемлекеттік органдар нарықтың дайын болуына талдау және (немесе) реттеушілік әсерге талдау жүргізеді. Талдау нәтижелері бойынша Комиссия (бесінші кезең) функцияларды беруге соңғы ұсынымдарды қалыптастырады. Бұдан әрі алтыншы кезеңде тиісті заң жобасы әзірленеді, Функциялар бәсекелес ортаға берілуі жүзеге асырылатын заң жобасы қабылданған жағдайда ғана беріледі. Жетінші кезеңде бәсекелес ортаға берілген мемлекеттік органдардың функцияларын жүзеге асыруға мониторинг жүргізу тәртібі көзделеді. Мониторинг нәтижесі қанағаттанарлықсыз болса, функцияларды қайтару мәселесі Комиссияға шығарылады және қажет болған жағдайда функция мемлекеттік органға заңды түрде қайтарылуы мүмкін», - деді ол.

Оның пайымынша, ұсынылған алгоритм мемлекеттік органдар функцияларын бәсекелес ортаға сапалы беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды. Осы кезеңдердің барлығы ашық және азаматтарға қол жетімді. Бұл азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кең талқылауға тартуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар