Мемлекеттік органдардың құзыретін заңнамалық деңгейде бекітуге арналған заң қабылданды - Парламент
АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өтіп жатқан палатаның жалпы отырысында
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік органдардың құзыретін заңнамалық және (немесе) заңға тәуелді деңгейде бекіту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданып, құжат қабылданды. Енді Парламентпен қабылданған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Аталған құжат, ҚР Конституциялық Кеңесінің 2008 жылғы 15 қазандағы нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте мемлекеттік органдардың құзыреті ҚР Конституциясында, конституциялық заңдарда, сондай-ақ заңға тәуелді актілерде де белгілену мүмкіндігі қарастырылады.
Осыған орай, заң жобасында қолданыстағы заңнамалық актілерден мемлекеттік органдардың маңызды қоғамдық қатынастарды реттемейтін функцияларын алып тастау ұсынылды. Бұл ұлттық заңнаманы жеңілдетуге, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру үшін құқықтық саланы жетілдіруге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардың «ішкі» рәсімдік мәселелерімен: кадр мәселесімен, қызметкерлердің біліктілігін арттыру мәселелерімен, ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметін ұйымдастыру мәселелерімен байланысты жекелеген функциялар заңнамалық актілерден алып тасталады.