Мемлекеттік органдардың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылын үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабының отырысы өтті
АСТАНА. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың төрағалық етуімен Мемлекеттік органдардың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабының екінші отырысы өткізілді.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Отырыста Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі тамыздағы тапсырмасының орындалуы, үкіметтік есірткіге қарсы күрестің 2012-2016 жылдарға арналған салалық бағдарламасын іске асыру барысы, есірткіге қарсы салада жергілікті атқарушы органдардың қызметін бағалау әдістемесін әзірлеу нәтижелері және басқа да бірқатар мәселелер қаралды.
ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары Жанат Битенов Кеден одағының елдерімен Есірткі құралдарының тізімін біріздендіру барысы туралы, оның ішінде есірткі салмағының бірыңғай мөлшерін белгілеу жөнінде хабарлады.
Қазақстандық заңнамаға сәйкес есірткінің жекелеген түрлерінің криминалдық салмағының жоғарғы шегі Кеден одағы елдерінде белгіленген ұқсас параметрлерден едәуір асады. Осыған байланысты осы мәселені одан әрі пысықтау мақсатқа сай болып табылады.
Есірткіге қарсы халықаралық ынтымақтастықты пайдалану есірткі қаупіне қарсы кешенді іс-қимыл жасауға және Орталық Азия өңірінде есірткіге қарсы белдеу құруға жағдай туғызатынын, ал осы өзара ынтымақтастықты дамыту осы қызметтің тиімділігін арттуға мүмкіндік беретіндігін айтты Комитет төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ, баламалық жазалау нысандарын заңнамалық реттеу және есірткі қылмысы үшін жазалаудың қосымша түрлерін қолдану практикасы талқыланды. Нашақорлықтың алдын алу, оның ішінде жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу шараларының тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Отырыста мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2012-2016 жылдарға арналған салалық бағдарламасының орындалу барысы бойынша БҒМ Жастар істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары 2012 жылдың бірінші жарты жылдығында студенттер мен оқушылар үшін өткізілген бірқатар профилактикалық іс-шаралардың, сондай-ақ жасөспірімдер арасында есірткіге қарсы бағытталған аулалық клубтардың базасында өткізіліп жүрген тренинг-сабақтардың тиімділігін атап өтті.
Сонымен қатар отырыста нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресте жергілікті атқарушы органдардың қызметін бағалауды жүргізу әдістемесі талқыланды.
Оның барысында ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті әзірлеген жоғарыда аталған Бағдарламада көзделген нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресте жергілікті атқарушы органдардың қызметін бағалау әдістемесі мақұлданды. Ол мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен таяуда бекітілмек.
Отырыс қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы бағытталған іс-шараларды сапалы және тиімді ұйымдастыру, Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының тапсырмаларын және Салалық есірткіге қарсы бағдарламаны уақтылы және нәтижелі орындау бойынша нақты ұсынымдар берілді.