Мемлекеттік органдардың штаттық санын 15 пайызға қысқарту шарасы жол полициясының жеке құрамын қамтымайды - ІІМ

АСТАНА. Қарашаның 1-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мемлекет басшысының 2010 жылғы 1 қарашадан бастап мемлекеттік органдардың штаттық санын 15 пайызға қысқарту жөніндегі Жарлығы жол полициясы қызметкерлерін қамтымайды.

Мемлекеттік органдардың штаттық санын 15 пайызға қысқарту шарасы жол полициясының жеке құрамын қамтымайды - ІІМ

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрігі Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, қысқартулар негізінен Жол полициясы комитетінің Орталық аппаратының қызметкерлерін ғана қамтиды. «Алайда бұл шаралардың жеке құрылымдар қызметкерлеріне ешқандай қатысы жоқ. Бізде жеке құрылым саны онсыз да жеткіліксіз. Елде ұзақтығы 93 мың шақырым жол бар болса, оның 23 шақырымы - республикалық бағыттағы жолдар. Осы 23 мың шақырым аймақты небәрі 148 тәртіп сақшысы бақылайды. Осының өзі жол полициясы қызметкерлері қаншалықты жеткіліксіз екендігін көрсетсе керек», деді комитет төрағасы.

Естеріңізге сала кетейік, «Мемлекеттік бюджеттің және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі сметасының (бюджеті) есебінен ұсталатын органдардың штаттық санын оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің Жарлығы бойынша мемлекеттік органдардың штаттық санын 15 пайызға қысқарту шарасы бүгіннен басталады.