Мемлекеттік органдардың тиімділігі «Халықпен кездесу» индикаторы бойынша бағаланады – Үкімет басшысы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы және Астана қалаларында, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында тұрғындардың шағымдары көбейді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылдан бастап мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі «Халықпен кездесу» индикаторы бойынша бағаланады. Осыған қарап, олардың жұмысының нәтижесін көрсетуге болады.

Сонымен қатар, «е-Өтініш» ақпараттық жүйесіне келіп түсетін азаматтардың арыздарына қарайтын болсақ, басқаша жағдай қалыптасып отыр. 2022 жылы осы жүйе арқылы 1 млн 700 мыңнан астам адам өтініш берді және қаралды. Оның 82 пайызы жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Яғни, 2022 жылдың екінші жартысында азаматтардың жергілікті билікке жолдаған арыздарының саны 16 пайызға артқан. Бұдан көтерілген проблемалардың бір бөлігі жергілікті жерлерде шешімін таппағанын көреміз. Сондықтан азаматтар өз мәселелерін «е-Өтініш» жүйесі арқылы шешуге мәжбүр болған», - деді Ә. Смайылов.

Осы орайда Үкімет басшысы Алматы және Астана қалаларында, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында шағымдар көп екенін айтты. Тұрғындар құрылыс, көлік және коммуникация, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мәселелері бойынша мемлекеттік органдар қабылдаған әкімшілік актілерге, олардың әрекетіне немесе әрекет етпеуіне қатысты көп шағым айтады.

«Сондықтан, әкімдіктер жергілікті жерлерде мәселелерді шешудің тиімділігін арттыруы қажет. Сонда электронды жүйе арқылы арыздардың азайғанын көреміз», - деді Премьер-Министр.

Бұл тұрғыда ол министрлер мен әкімдер мәселелерді шұғыл шешуге назар аудара отырып, халықпен кездесулердің нәтижелілігін арттыруы керек екенін тапсырды. Әрбір орталық және жергілікті атқарушы органдар бойынша проблемалардың картасын әзірлеу қажет.

«Жоспарланған барлық кездесулер, олардың өтетіні туралы хабарландырулар, сондай-ақ шешімін тапқан мәселелер БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен жариялануы тиіс», - деді Әлихан Смайылов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкіметте орталық органдар басшыларының халықпен кездесу қорытындылары жарияланды.

2022 жылы барлық деңгейдегі әкімдер халықпен 28,3 мың кездесу өткізді.


Соңғы жаңалықтар
telegram