Мемлекеттік органдарға Мәжіліс сайлауына байланысты азаматтардан 67 арыз-шағым түсті - Бас прокуратура
АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мәжіліс депутаттарының сайлауына байланысты мемлекеттік органдарға жеке және заңды тұлғалардан 67 арыз-шағым түсті.
Бұл мәліметтерді бүгін Орталық сайлау комиссиясында өткен Ақпараттық дауларды қарау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында ҚР Бас прокуратурасы Әлеуметтік-экономика саласының заңдылығын қадағалау департаметінің бастығы Қанат Сейітғапаров жария етті.
Оның деректеріне қарағанда, 67 хаттың 38-і прокуратура органдарына, 29-ы сайлау комиссияларына жолданды. Сондай-ақ, мәслихат депутаттарының сайлауымен байланысты мемлекеттік органдар жеке және заңды тұлғалардан 318 арыз-шағым алды.
«Олардың арасында прокуратура органдарына жолданғаны -247, сайлау учаскелеріне шағымданғандар - 65. Сондай-ақ мәслихаттарға - 1, ішкі істер органдарына - 5 шағым жолданды. Осылайша, мемлекеттік органдарға түскен жалпы өтініштердің саны 385-ті құрап отыр. Оның ішінде 42 өтініш сайлау заңнамаларын түсіндірумен байланысты болса, 49 адам лауазым иелерінің әрекеттеріне шағымданды. 82 адам сайлау комиссиясы мүшелерінің әрекеттеріне наразылық білдірсе, 117 шағым сайлауалды үгіт жұмыстарымен байланысты болды. 32 хат сайлауға кандидат ретінде ұсынылған азаматтардың кандидатураларымен келіспеу жөнінде болды, қалған 62-сінің сайлау үдерісіне қатысы болмай шықты. Атап айтқанда, олар сайлау үдерісін жетілдірумен байланысты түрлі ұсыныстар», - деді прокуратура өкілі.