Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәселелерін реттеуге бағытталған заң жобасының жұмыс тобы жемісті еңбек етті - Б.Ертаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжілісте құрылған жұмыс тобының отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңға енгізілетін түзетулер талқыға салынды.
Заң жобасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес инститционалдық реформа» және Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХII сессиясында «Мәңгілік Ел: бір ел, бір тағдыр» тақырыптарында сөйлеген сөздерінде айтылған тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленгенін атап өткен жөн.
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі, «Халық Қаһарманы», депутат Бақытжан Ертаев: «Заң жобасы мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәселелерін реттеуге бағытталған. Жұмыс тобының мүшелері бұл заң жобасын жан-жақты зерделеп, жемісті еңбек етті. Депутаттар мен комитеттер тарапынан жаңа түзетулер ұсынылды. Оның бәрі қаралды. Мүдделі министрліктің өкілдері де біздің сұрақтарымызға толыққанды жауап берді»,- деді. Жұмыс тобының мүшелері заң жобасын Салыстырма кестеге енген баптар бойынша жеке-жеке қарады. Жұмыс тобының отырысына қатысқан Мәжіліс депутаттары Алдан Смайыл, Жексенбай Дүйсебаев, Шавхат Өтемісов, Нұртай Сабильянов, Серікбай Нұрғисаевтар салыстырма кестеге енгізілген түзетулерді сарапқа салды. Жұмыс тобының жетекшісі Б.Ертаев заң жобасын талқылауда белсенділік танытқан әріптестеріне, министрлік өкілдеріне және Мәжіліс Аппаратының қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.