Мемлекеттiк сақтандыру корпорациясы экспорттық кредиттерді тиімді сақтандыруды қамтамасыз етпей отыр
АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Есеп комитетінің бағалауынша «Экспорттық кредиттердi және инвестицияларды сақтандыру жөнiндегi мемлекеттiк сақтандыру корпорациясы» АҚ экспорттық кредиттердің және шетелге инвестициялардың тәуекелдерін тиімді сақтандыруды қамтамасыз етпей отыр.
"2003 жылы мемлекеттік корпорацияның жарғылық капиталын қалыптастыруға республикалық бюджеттен 7,7 млрд. теңге бөлінді. Бұл сома сақтандыру және қайта сақтандыру қызметін жүзеге асыруға қажетті жарғылық капиталдың ең төменгі мөлшерінің нормативінен 7,7 есе көп. Бұл ретте мемлекеттік корпорацияның басшылығы Қазақстанның сақтандыру нарығында компанияның жетекші рөлін қамтамасыз етпеген", деп хабарлады Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің баспасөз қызметі.
Мемлекеттік корпорацияның активтерінің үлесі республиканың сақтандыру компаниялары активтерінің жиынтық көлемінде тек қана 3% құрап отыр. Мемлекеттік корпорацияның активтерінің құны 5 жылда 9,7% өскен болса, ал дәл осы уақытта басқа сақтандыру компанияларының активтерінің құны 5,6 есе артқан. Бұдан басқа мемлекеттік корпорацияның тапқан сақтандыру сыйақысының сомасын пайдаланып отырған активтерінің құнына шаққанда 2006 жылы 1,6%, 2009 жылы 3% деңгейінде болды. Басқа сақтандыру компаниялары бойынша бұл көрсеткіш 25,8%-дан 93,3%-ға дейін құрады.
2007-2009 жылдары мемлекеттік корпорацияның экспортты және инвестицияларды сақтандыру жөніндегі көрсеткіштері төмендеген. Мәселен, 2004-2006 жылдары 20,2 млрд. теңгеге 106 шарт жасалған болса, 2007-2009 жылдары 20,5 млрд. теңгеге 35 шарт жасалған.
Мемлекеттік корпорацияның сақтандыру қоржынында жарғы бойынша басым емес сақтандыру түрлері 74,4-82,4%-ды құрайды. Республиканың шикізаттық емес экспортының жалпы көлемінде экспорт бойынша қабылданған сақтандыру міндеттемелерінің үлесі 2007 жылы - 0,15%, 2008 жылы - 0,45%, 2009 жылы 0,51% құрады. Қазақстандық компаниялардың шетелге инвестицияларының жиынтық көлемінде мемлекеттік корпорация сақтандырған инвестициялардың үлес салмағы 0,06% - дан аспайды.
Мемлекеттік корпорацияның сақтандыру қызметінен түскен мемлекеттік корпорацияның кірістерінің үлесі оның қызметінің бүкіл кезеңінде 0,6-29,1% құрады. Компания негізгі кірісін ұзақ мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестиция салудан алып отыр. Купондық сыйақының кепілді сомасы үш жылдың ішінде 1,1 млрд. теңге болып мемлекеттік корпорацияның барлық инвестициялық қызметінен түскен кірістердің 58%-ын құрады.
Осындай қаржы операциялардың нәтижесінде Үкімет мемлекеттік корпорациядан сыйақы төлей отырып, бұдан бұрын бюджеттен бөлінген каражатты қарызға алады. Ұзақ мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестиция салу арқылы кепілді кіріс алу мемлекеттік корпорацияны сақтандыру қызметімен айналысуға ынталандырмай отыр.
Есеп комитеті Қаржы министрлігіне квазимемлекеттік сектор субъектілерінің арасында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздардың орналастырылуына, сондай-ақ оларға төленетін сыйақылар бойынша тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуді ұсынды. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-на мемлекеттік корпорацияның жұмыс істеуінің тиімділігін зерделеп, мемлекеттік корпорацияның 2010-2013 жылдарға арналған орта мерзімді жоспарларында тауарларды және қызметтерді, сондай-ақ шетелге инвестицияларды экспорттау кезіндегі тәуекелдерді сақтандырудың нақты көрсеткіштерін көрсету жөнінде ұсыныстар берді.