Мемлекеттік сатылымдар жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі маңызды жоба жасалды
Бүгін Астанада орын алған халықаралық конференцияда «Қазақстан Республикасы мемлекеттік сатылым жүйесін жетілдіру мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру» жобасының таныстырылымы болды.
Айта кетелік, 2009 жылдың 27 қазанынан бастау алған жоба шеңберінде Еуропалық Одақ тарапынан қаржыландырылған халықаралық сарапшылар тобы ҚР Үкіметімен және ҚР Қаржы министрлігімен бірлесе мемлекеттік сатылым жүйесін жетілдіру, оның тиімділігі мен айқындығын қамтамасыз ету және бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы шаралар кешенін жүзеге асырған болатын. Жалпы бюджеті 1,2 млн. еуроны құраған жоба Еуропалық Одақ тарапынан қаржыландырылды.
Аталмыш жобаның негізгі мақсаты қаржылық бақылау комитетіне және мемлекеттік сатылым саласындағы өзге де органдарға отандық мемлекеттік сатылым жүйесін жетілдіру бағытында қолдау көрсету болды.
Жоба аясында Дания, Латвия, Эстония, Италия және Хорватия елдерінің сарапшылары қазақстандық мемлекеттік сатылым саласының қызметкерлерімен жұмыс жүргізіп, тәжірибе алмасты.
Жоба жетекшісі Эдвинс Парупстың мәлімдеуінше, жоба 3 бағыт бойынша жүргізілді: біріншіден, мемлекеттік сатылымдар жөніндегі ҚР заңдарының орындалуына сараптама жүргізу, екіншіден, мемлекеттік сатылымдар саясаты бойынша кеңес беру, үшіншіден, мемлекеттік сатылымдар саласында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерді оқыту. Эдвинс Парупс атап өткендей, мемлекеттік қызметкерлерді оқыту барысында 30 маман дайындықтан өтті. Мамандарды оқыту Петропавл, Қызылорда және Талдықорған қалаларында жүргізілді.
Жоба шеңберінде ҚР ішкі нормативтік-құқықтық актілері мен құқықтық базасына өзгерістер енгізу жөнінде 39 ұсыныс жасалды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлерге арналған мемлекеттік сатылымдарды жүзеге асыру жөніндегі әдістемелік құрал жарыққа шығарылды.