Мемлекеттік сатып алу: Атырау облысында 14 лауазымды тұлға жауапқа тартылды
Құрманғазы ауданының прокуратурасы мемлекеттік органдардың мемлекеттік сатып алу саласындағы қызметіне талдау жүргізді. Талдау қорытындысымен «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға сәйкес құзыреттілік талаптарына сай келмейтін өнім берушілерді жеңімпаз деп тану, нақты тауардың атауының маркасын көрсету, тауарларды жеткізудің қысқа мерзімін айқындау фактілері анықталды.
«Мәселен, тапсырыс беруші «Құрманғазы ауданы Ақкөл ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ атынан мердігерлерге алдын ала сатып алынатын тауарлардың маркасы, атауы туралы мәліметтер берілген. Бірқатар білім беру ұйымдары қойылған талаптарға сәйкес келмейтін қызмет көрсететін кәсіпкерлерді заңсыз жеңімпаз деп таныған. Прокурорлық ден қою шараларымен мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзған мемлекеттік мекемелердің 11 басшысына 1,7 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды. Ал 14 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда ата-ана қамқорлығынсыз қалған 11 бала үй кезегіне қойылмағанын жазған едік. Бұл дерек Атырау қалалық прокуратурасы жүргізген тексеру кезінде анықталған.
«Жергілікті уәкілетті органдардың әрекетсіздігінен жетім және ата-ана қамқорлығына алынбаған 11 бала тұрғын үй кезегіне алынбағаны анықталды. Жасөспірімдер балалар үйінен шығарылған кезде заңға сәйкес тұрғын үйсіз қалуы мүмкін. Сол себептен, прокурорлық ден қою шараларынан соң 11 адам тиісті есепке алынды», - делінген қалалық прокуратура мәліметінде.