13:57, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
Мемлекеттік сатып алу саласы сыбайлас жемқорлыққа едәуір бейім
АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Мемлекеттік сатып алу саласы сыбайлас жемқорлыққа едәуір бейім. Бұны Қаржы полициясының статистикасы көрсетіп отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. 2008 жылы осы салада 265 жемқорлыққа қатысы бар қылмыстар әшкереленді. Оның 160 ісі сотқа жіберілді. Ал ағымдағы жылы 18 іс сот қарауында жатыр. Былтыр айыптары дәлелденген 70 қылмыскер сотталды. «Құзырлы қызметкерлермен жасалатын қылмыстардың басым бөлігі әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру кезінде орын алады. Әсіресе бюджеттік тапсырыстарды әзірлеген кезде тауарлардың бағасын көтеру оқиғалары көп кездеседі. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша ғана атқарушы органдар мен жауапсыз кәсіпкерлердің заңсыз әрекеттерінен мемлекет 260 млн. теңге зиян шекті», - деді Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай.Кейбір лауазымды тұлғалардың қылмыстық әрекеттері салдарынан жаңадан салынған ауруханалар толық жабдықталмауда немесе сапасыз құрал-жабдықтар алынуда. Дәрі-дәрмектер заңсыз шығарылған фактілер де аз емес.