Мемлекеттік сатып алу саласында конкурстан тыс рәсімдерге қойылатын талаптар көтеріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заң жобасы талқыланды.
Заң жобасының негізгі мақсаты мемлекеттік сатып алулар ережесін жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуды қарастырады. Сонымен қатар, құжатта ықтимал тауар жеткізушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және мемлекеттік сатып алуға қатысатын тараптардың жауапкершілігін арттыру шаралары көзделіп отыр.
Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдерін жеңілдету шеңберінде алдын ала біліктілік іріктеуді қолдана отырып конкурсты енгізу, сондай-ақ конкурс пен аукционды өткізу тәртібін жеңілдету көзделген. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық көріністерін болғызбау мақсатында заң жобасымен техникалық өзіндік ерекшеліктерді алдын ала талқылау институты енгізіледі. Конкурстан тыс рәсімдерге қойылатын талаптар көтеріледі. Ал шарттар жасасудың, тауарларды беру туралы электрондық жүк құжаттарының, орындалған жұмыстар мен қызметтер көрсету актілерінің және электрондық шот-фактуралардың тек қана электрондық форматы енгізіледі.
Мемлекеттік сатып алу қорытындыларына шағым жасау мерзімдері белгіленіп, сол уақыт аралығында шарттар жасасуға жол берілмейтін болады. Сонымен қатар, заң жобасында тапсырыс берушінің не өнім берушінің мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін айыппұл санкциялары да белгіленген.
Комитет сенаторлары заң жобасын палатаның алдағы уақытта өтетін жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.